Бұл базальт тасы – минералдық мақтаның шикізаты. Әзірге темір жол арқылы Ресейден тасымалданып жатыр. Болашақта елімізде кен орнын ашу жоспарда бар. Осылайша, аталмыш кәсіпорын 100 процент отандық өнім шығарады. Зауытта өнімділігі жоғары италияндық қондырғылар орнатылған. Домна пешінде 1600 градусқа дейінгі жоғары температурада базальт тасы ерітіліп, кейін арнайы қосындылар арқылы өнім дайындалады.
–Алдымен шикізатты бункерге толтырамыз. Сосын еріткіш пештен өткізіп, оған желім, ылғал өткізбейтін материалдар сияқты қосындыларды араластырамыз. Қалыңдығы мен тығыздығын қажеттілігіне орай белгілеп, арнайы қондырғылардың көмегімен минералды мақта дайындалады. Осыған дейін Самара қаласында жұмыс істедім, тәжірибем сол кезде қалыптасқан. Қазір өз білгенімді үйретіп жатырмын,–дейді цех бастығы Антон Лаврентьев.
Құрылысы қарқынды дамып жатқан Елорда осы күнге дейін жылу сақтағыш материалдарды Ресейден тасымалдап келді. Енді құрылысқа қажетті зат іргедегі Бұландыда дайындалады. Ілгеріде тапшылықтың кесірінен құрылыс материалдарының 80 проценті шет елден жеткізілетін. Қайта өңдеу өнеркәсібін жандардырудың арқасында бұл салада отандық өнімнің салмағы арта түспек.
–Жоба құны 8 миллиард теңге шамасында. «Бәйтерек Вуенчер Фанд» акционерлік қоғамының қолдауымен зауыт толықтай іске қосылды. Өнімге деген сұраныс жоғары. Қазір құрылыс материалдарын Қырғызстан мен Өзбекстанға да жөнелтіп жатырмыз. Жұмысқа 150 адам жұмылдырылған. Төрт ауысым жасақталды,–дейді зауыттың бас директоры Қанатбек Садықов.
Болашақта өндіріс аймағында сэндвич-панель мен газ блоктарын шығару да жоспарлануда.
Бұланды ауданы
Ақмола обылсы